13 Қараша, 2017

Уақыт – құдірет

440 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмір сүріп жатқан кеңістігіміздің үстінен кірпік қақпай бақылайтын құдірет уақыт десек сипат-сынына нақпа-нақ жақындап, анықтамасы дәлме-дәл берілді деу асылыққа астасатынынан сау емес. Мың-сан ғасырдың ұзына бойына зерделі үңіліп, зерттеу жүргізген ғылымның анықтаған шындықтары, жасаған қорытындылары, батыл да байыпты болжамдары әрәдік жадыға оралған сайын жалпақ жаратылыстың алдында оның бәрі кішік те ізетті естілетіндей көрінетіні несі екен. 

Тоңмойын дүниенің томсарулы қабағына қан жүгіртіп, үстемдік қаҺарынан қаймықпастан тасқа таңба тастатып, жүрек үнін қозғаған адамзат қатарынан қазақ ата-бабасы ойып тұрып орын алатынын жалғанға жария қылу машақатының мәнақасы Қарашаш сұлудың тулақ түгін сипап Жиренше шешенге білдірген белгі нысанынан бетер-ау, шамасы. Сонау Америка құрлығындағы үндістер туралы түсірілген көркем фильмдерді басымыздың буы әлі кеуіп үлгермеген жастау шағымызда тамашалап, ұқым-тұқымы құрудың аз алдындағы жұмбақтау жұрттың елдігі мен ерлігіне елікпесек те, болмыс бітімдеріндегі бірсөзді сабырлы ұстамдарынан егіліп, елбіреу нәзіктігі қылаң ұрып қоймайтынына сенер-сенбесімізді білмей таңырқайтынбыз.  

Жоғары оқу орнына түсу бұйырмай қап, басыңды тау мен тасқа қанша ұрсаң да жаның тыншып, дегбір тапқызбайтын бір түсініксіз хал әке-шеше, дос-жар, туған-туыс дегендерден бездіре қаштырып, азапқа түскен шақтар көлеңкелене көмескі тартса да, еске алған сайын өзге емес өзіңнің жүрегің ауыратын тым аянышты жағдай. «Майтөбе басың биік, бауырың тастақ, Әр іске жүрген шығар құдай бастап» дегенді әрі ақын, әрі балуан Мақыш Райымбеков жарықтықтың айтқанына ауыл ақсақалдары айналып келіп жаңғырта еске алып отыратындары тегін емес екен қарасаң. Соның қоспасы жоқ растығына көз жеткізген сайын мұндай сөздердің өзі өмірлік тәжірибе арқылы тұжырылып барып көкейден бір-ақ шығатынынан бөлек – тағдырдан келетін сый-үлесіңді сездіретін кереметі де бардай. Міне, сол түңіліске толы шарасыз шақтың үстінде бұрынғы «Алатау» кинотеатрының тұсынан өтіп бара жатып, үндістер тағдыры туралы кинофильмнің жарнамасына көзім түсті. Қарсы жаққа қасқайып қараған жалаңтөс актер бейнесі сұрапыл сынға бұлтарып-бұқпастан қалшиып қатып қалғандай. Неде болса көрмек боп сүйретіліп жүріп билет алып, тиісті орынға асықпай жайғастым.

Кинодан соң құлазу мен түңілістің қалың қабаттарын біреу қолымен сылып алып тастап, ұяттан өртене өршіген сезімнің табы едәуір азайып, өзіңнен-өзің қунақ тартып, сергіп, серпіле бастағаныңа ішіңнен таңырқаудан басқа амалың қане. Дос-құрбылардан қысылмай, әке-шешеден тайынбай шындықты жайып салуға түрткі болған сол киноның құдірет күші неде екенін әлі күнге толық анықтай алмағаның қызық па, әлде, соны еске алып, рухани парызыңды өтеуге деген ұмтылысы жоқ жан семіздігі ме? Бүкіл мағына мәнін түсі­ніп, тарата талдап, бейнелерді орын-орнына қоятындай кино және күрделі оқиғаға құрылмаған. Кино тілінің заңдылығынан ауытқымастан табиғатты адам әрекетімен жарыстыра алу барысында операторлық мектеп пен актерлардың бейнеге шебер ену тұтастығы селкеусіз қабылдататын керемет құбылыс. Сонсоң бұ жұрт тарихи деп айдар тақса да суретті көркем қозғалыстар тура бүгін болып жатқандай ыстық лебі­мен үйіріп тұратын әдеті. Өміріне өзге­ріс күтетін жастық шақта таныстық пен сыбайластық құбыжық та, көркем бейнелердегі қайшылық арпалысында махаббат пен достыққа адалдық романтикасы әрқашан асқақ ұғым. Құрбандыққа бара алатын тәуекел америка кино мектебінің салқынқанды ұстамынан алыстамаса да, әбжіл қимыл ішкі ойға табиғи астасып, өнер­дегі шарттылық біткенді елетпей жібе­ретін шешім біткеннің тартымдылығы өз алдына – оқиғаның өрбуі мен кульминациясына дейін шұғыл асығыстық қылаң берместен кең тыныста баяу өрбитіндей көрінеді. Ел мен жер тағдыры идеологияландырмастан тіршілік ағысы арқылы баян­далатын жағдаяттарда күнкөрістің белгі беретін детальдары, қарым-қатынастың күрделі қайшылыққа толы сәттері кісілікке бағышталса да, тұтам жасандылық сезіл­мейтіні таңырқатады. 

Шынын айту керек, біз «барға қана­ғат, жоққа салауаттың» шүкіршілігін жалық­пастан ұстанып келе жатқан халыққа ұқсаймыз. Әлеуметтік желілердегі әңгіме­лердің көбі әділетті мақсұт тұтып отыр­мағаны алаңдатарлық жағдай. Талдауы мен толғауы шамалы үрдіс іс барысындағы ахуалдан мүлдем бейхабар, табан астында бағасын беріп, құбылысқа татитын іс біткендей бөрікті аспанға ату асқындап барады. Әр нәрсе өз орны мен уағына қарай бағаланса да, өмірін берген құдай өлімін де ұмытпағанын жадымызда ұстағанымыз абзал-ау. Сол жиырмасыншы ғасырдағы қаһарман үндіс кейіпкер өз отанында екінші дүниежүзілік соғыстың офицері рөлін сомдады. Атақты Гойко Митичтің жұрнағы да қалмаған қарапайым жұмырбасты пендеге айналып қана тынған. Тақырыптың майдан алаңынан бейнелік орын таба алмаудың қалың соры талай серкелердің маңдайына жазғанына қарап отырып, уақыт құдіретінің ақиқатымен санаспасқа шамаң қайсы дейсің баяғы. 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»